Prev Next
  • Қазаққа өлім жазасы керек пе?

  • АНАЛИТИКА
  • 25.05.2015, 11:24

Заманымыздың ба, әлде қоғамымыздың ба – қайсысының болса да әйтеуір беталысы жақсы емес. Онша жақсы емес. Басқасын айтпай-ақ қояйық, ал енді кейінгі кездері күрт көбейіп кеткен «педофилдер тірлігі» бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкіндіргені де тап-таза шындық. Осыған орай әлеумет арасында «өлім жазасына жарияланған мораторийді алып тастау керек» деген мәселе де аяқ астынан күн тәртібіне көтерілді.

Есімізге түсіре кететін болсақ, біздің елімізде 2004-ші жылдан бері өлім жазасына жарияланған мораторий «қалт етпей қалтқысыз жұмыс істеп» келе жатыр. Демократиялық құндылықтар мүддесіне ме, әлде маньяк-саньяк, педофил-седофил дегендердің мүддесіне ме – ол жағын енді ажыратып-айырып жатқан ешкім жоқ. Қылмыскер бір адам өлтірсе де, он-жиырма… тіпті мың адам өлтірсе де… РАХАТ – түрменің төріне барып шәниіп жатады.

Салық төлеушілердің ақшасына алынған төсек-орынға жайғасып жатып алып, соған алынған «жылы жұмсақты» ақырын ғана кертіп жеп. Мұның «дұрысы мынау, бұрысы мынау» деп таразы басын теңестіргелі отырған жоқпыз біз бұл жерде… біз бұл жерде тек қоғамымызда қайтадан көтеріле бастаған «өлім жазасына» байланысты ақпарат құралдарында айтылған бір-екі ауыз пікірлерді өз оқырмандарымыздың назарына қысқаша ұсына кеткенді жөн көрдік.

ӘЛҚИССА:
Ғани ҚАСЫМОВ, Патриоттар партиясының жетекшісі: «Елімізде кейінгі кездері ешбір мораль шеңберіне сыймайтын қорқынышты қылмыстар жасалып жатыр. Қылмыскерлер болмайтын аз ғана ақша үшін зейнеткерлерді де, болмайтын аз ғана ақша үшін бүкіл бір отбасыны да асқан қатігездікпен өлтіруде. Аяусыз өлтірілгендердің ішінде тіпті бейкүнә сәби-періштелер де бар. Осындай да осындайларды көріп-біле тұра кейбіреулер «бір Жаратқанның өзі берген адам өмірін кенеттен қиып жіберуге мемлекеттің ешқандай да құқы жоқ» дейді. Иә, адамды Алла берген өмірінен мемлекеттің айыруға құқы жоқ әрине, өлім жазасына мораторий дегеніміз де сондықтан енгізіледі. Бірақ әлем елдерінің барлығында бұлай емес. Осыған байланысты менің жеке пікіріме келетін болсақ, менің ойымша, егер қылмыскер біреудің өмірін қиятын болса, мемлекет те оған дәл сондай шара қолдануға тиісті. Біздің елімізде әзірге гуманизм нормалары орындалып жатқан жоқ, сондықтан мен АТУ ЖАЗАСЫН қолдаймын…»

Данияр АМАНҒАЛИЕВ, республика президенті іс жүргізу басқармасының Медициналық орталығына қарасты Орталық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Мен әлбетте, өлім жазасына қарсымын. Мен дәрігермін, сондықтан мен қандай жағдайда болмасын, адам жанын өлім атаулының кез-келгенінен арашалап қалуға тиіспін. Әлбетте түсінемін, кейбір жағдайларда кейбіреулерге қатысты қатаң жаза қолдануға тура келетін шығар, ал бірақ қылмыс атаулының да кейбіреулерінің кейбір жағдайларда психологиялық және әлеуметтік факторлардың салдарынан болып жататынын жоққа шығара алмаймыз ғой. Әрине, түрме дегеніміз адамдарды толықтай түзетіп шығады деп бір жақты кесіп-пішіп айта алмаймыз, өйткені олардың ішінде түрменің түзетуінен мүлде кеткендер де кездесіп қалып жатады. Әйтсе де гуманизм позициясы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, адам өмірі дегеніміз ойыншық емес. Демек, қандай да бір қылмыс жасаған адамды айыптамас бұрын біз жасалған осынау қылмыстың түп-төркініне терең сараптама жасауға тиіспіз. Сондықтан  қоғамымызда орын алған нақты бір ауыр қылмыс маман-дәрігерлер тарапынан да мұқият зерттелуге тиіс…»

Айдана ТАҢЖАРЫҚОВА, студент: «Өлім жазасы дегенді мен өзім онша түсіне бермеймін, ал бірақ өткен аптада ғана бірнеше мәрте орын алған педофилдер тірлігі есіме түссе… Қостанайдағы қаршадайды қызды зорлап, артынша азаптап өлтірген айуанның тірлігі есіме түссе… өзін осынау жарық дүниеге әкелген әкесі мен шешесін балталап өлтірген жас жеткіншектің жауыздығы есіме түссе… мен әлбетте өлім жазасын қос қолдап тұрып қолдаймын. Мұндай айуандар жер басып жүруге тіпті де тиіс емес… тіпті де тиіс емес, сіз осыны түсінесіз бе?»

Иәәә, мен мұны түсінемін әрине, мен мұны түсінемін. Ал Сіз түсінесіз бе, Ұлт.кз-тің құрметті оқырманы?

Марат МАДАЛИМОВ.

Другие новости

Prev Next

Комментарии (0)